Среда, 24.04.2024, 14:25
Саламатсыз ба Гость | Тіркелу | Кіру

ЖӘНІБЕК ҰСТАЗДАРЫ

САЙТ МӘЗІРІ
УАҚЫТ
БӨЛІМ САНАТТАРЫ
Жаңалықтар [35]
Құтықтаймыз [2]
Сайыстар [6]
Мектеп тынысы [6]
САЙТҚА КІРУ
ІЗДЕУ
КҮНТІЗБЕ
«  Январь 2015  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
   1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
ЖАЗБАЛАР МҰРАҒАТЫ
САЙТ ДОСТАРЫ
  • АО"Өрлеу"
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Министерство образования РК
  • Национальная Академия
  • БАСЫЛЫМДАР"
  • ЕСЕПТЕУ

    Онлайн всего: 1
    Гостей: 1
    Пользователей: 0
    Достар
     Бесплатная раскрутка сайта Web100kz.com - каталог сайтов
    Басты » 2015 » Январь » 26 » Ғылым жолындағы ғұмыр
    18:29
    Ғылым жолындағы ғұмыр

    Ғылым жолындағы ғұмыр


    Аудандық мәдениет үйінде осындай тақырыпта оздырылған танымдық кеш Қазақстан Республикасы Ғылымдар Академиясының академигі, техникалық ғылымдардың докторы, профессор Шмидт Мұсаұлы Айталиевтың туғанына 80 жыл толу мерейтойына арналды. Ғалым-жерлесімізді еске алуға арналған кеште аудан әкімі Мұрат Мұқаев баяндама жасады.-Жәнібек өңірінен шыққан ғұламалар мен атақты адамдар көптеп саналады,-деді ол өз сөзінде,-соның бірі де бірегейі Шмидт ағамыз. Оның саналы өмірі мен ел игілігі жолындағы ұланғайыр еңбегін өсіп келе жатқан жас ұрпақтың санасына қалдыру, оларға алдыңғы толқынның ұлағатты ісін үлгі ету мақсатында осы кешті өткізіп отырмыз. Шмидт Айталиев 1935 жылы 28 қаңтарда туған. Мектеп табалдырығын алғаш Ақоба ауылында аттаған. 1952 жылы Жәнібек қазақ мектебінің тарихында мектепті алтын медальмен бітіруші алғашқы түлек болып ел есінде қалды.Алматыдағы С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университеті физика-математика факультетінің сол жылы ашылған механика бөліміне түсіп, 1957 жылы аталмыш оқу орнын үздік бітіріп шықты. 
    Академик Шмидт Айталиев Қазақстанда жерасты, көліктік және арнайы құрылыстар механикасы бойынша ғылыми мектепті құрып, бүкіл еліміз мен бұрынғы Кеңес Одағына, әлемнің көптеген елдеріне танылған 20-дан астам ғылым докторын, 60-қа жуық ғылым кандитатын даярлап шығарды.Әлемдік практикада тұңғыш рет жерасты қазба бетінің жаңа материалдарын жасау тәжірибесі туралы жазылған арнайы монографиясы 1971 жылы Мәскеу қаласындағы «Недра» баспасынан жарық көрген. Ғалымның 1980-1990 жылдары жасаған жұмыстары КСРО-ның ғылым және техника бойынша мемлекеттік комитеттің «Сейсмология және сейсмикаға төзімді құрылыс» атты жалпыодақтық ғылыми-техникалық бағдарламаға кірген. Бұл зерттеулердің практикалық құндылығы Алматы қаласындағы метроны жобалау мен салу барысында айқындала түсті. Ол басқарған ғылыми зертхана 9-10 балдық жер сілкінісі кезіндегі болашақ Алматы метросының сейсмикалық орнықтылығын анықтады. Қазақстан ғылымына қосқан елеулі еңбегі үшін ол 1983 жылы «Тау кен ісі» саласы бойынша Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының «Механика» саласы бойынша академигі болып сайланса, 1995 жылы «Қазақстанның ғылымы мен техникасына еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілген. 1992 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Президиумының жанынан құрылған Атырау қаласындағы Батыс аймақтық бөлімшесін басқарды. Қазақ мемлекеттік қыздар университетіндегі ғылыми орталығымен Шмидт Айталиевті мәңгі есте қалдыру, оның идеяларының әрі қарай дамуы мен жүзеге аса беруі үшін «Академик Айталиев» атты қазақ, ағылшын тілдерінде жазылған халықаралық медальдар шығарылды.Бұл марапат геомеханика ғылымын дамытуға қосқан аса қомақты үлесі үшін жылына екі шетелдік, екі қазақстандық ғалымға беріле бастады. Ш.Айталиев кәсіби ғылымға қоса педагогикалық еңбекпен де шұғылданған. Ол 12 монография, 350-ге жуық ғылыми мақала жариялап, еңбектері ТМД елдерінде, Германияда, Польшада, Португалияда, Жапонияда, Кореяда, Түркияда, Сингапурда т.б. елдерде жарық көрген. Бабалардан қалған ұлы мұраны қадірлеу, дамыту және кейінгі жас жеткіншектерге аманат етіп, табыстауда, қазақстандық патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде толағай табыстар тілеймін. Елбасының 2015-2019 жылдарға арналған «Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығын жүзеге асырып жатқан еліміз үшін Шмидт Айталиев сияқты ғұлама ғалымдардың мұрасы сарқылмайтын қазына болып есептеледі,-деді аудан әкімі Мұрат Рахметұлы сөзінің соңында. 
    -Ғалым, академик, отбасымызға жақын жан-Шмидт атамыз туралы сәл де болса сыр шерту сәті тиіп отырғанына өте қуаныштымын,-деді шарада сөз алған туысы Нұрсұлтан Құрманғали,-Ол кісінің туысқандар арасында айтылған ақыл-кеңесі әрдайым есімізде сақталады. Шмидт атамды алғаш көргенімде үш-төрт жаста болатынмын. Сол кезден-ақ атамыздың елден ерекше жан екендігі есімде сақталыпты. Әсіресе, оның ұзын шашы жақсы ойымда қалды. Өсе келе үйіне қыдырып бардым. Ол кісі өзінің бөлмесінде әрдайым жұмыстанып отыратын. Ержеткесін оның кітаптары мен жазған ғылыми жұмыстарымен таныстым. Мұның бәрі маған өмірге деген талпыныс, күш-жігер сыйлады. Шмитд атамның өмір жолы, ізденісі өзіме бағыт-бағдар беріп, 2008 жылы Сәния Ғайнөшеваның жетекшілігімен аудандық «Атамекен» туристік-өлкетану экспедициясының слетінде «Сөнбес жұлдыздар» бағдарына сәйкес бірінші орынға ие болып, облысқа жол тарттым. Одан әрі облыс көлемінде атамыздың өмірі туралы жарыққа шықпаған материалдарды қозғап, іздену жұмысымның нәтижесінде үшінші орын алдым. Ғалымның жер қойнауы материалдары қасиеттерін зерттеуі еліміз тәуелсіздік алғаннан соң ашылған Атыраудағы Қазақстан Республикасы ұлттық Ғылым академиясының Батыс аймақтық бөлімшесін басқарған жылдары өріс алды. Аса жауапты бұл жұмысты ол абыроймен орындап, Атырауда отын энергетикалық қорларды кешенді және тиімді пайдаланудың экологиялық, экономикалық зерттеу орталықтарын құрды. Оның бастап кеткен іс-шараларының нәтижесінде бүгінгі таңда жерасты материалдарын пайдалану және экономикалық көрсеткіштері жағынан Атырау облысы республикамызда бірінші орында тұр. Шмитд атамның жолын қуып, мен де Алматы технологиялық университетін қызыл дипломмен аяқтап шықтым. Қазір мамандығым бойынша Атырау облысындағы «Теңіз-Шевройл» мұнай компаниясында қызмет істеймін. Сұрастыра келсем, Шмитд Айталиевтың бұл компанияға тигізген үлесі зор екен. Пойыз вагондары арқылы мұнай тасымалдау кезінде цестерналардың түбінде қатып қалған мұнайға жібіту мәселелерін шешу бағытында жұмыстар жүргізіпті.Атамыздың бастап кеткен жұмысын жалғастыру біз секілді жастардың міндеті мен парызы деп білемін. Елбасымыз айтқандай, болашақ білімді жастардың қолында. Сондықтан Шмитд Мұсаұлындай дара тұлғаларды үлгі-өнеге ете отырып, жастарды аянбай еңбек етуге шақырамын. Ғалымның 80 жылдығына арналған танымдық кештің өтуіне мұрындық болған аудан әкімі Мұрат Мұқаевқа, аудандық мәдениет бөліміне, аудандық ардагерлер кеңесіне және Т.Жароков атындағы мектеп ұжымына ризашылығымды білдіргім келеді. 
    Жерлес-ғалымға арналып ұйымдастырылған танымдық кеште оның «Жайыққа жорық» күйін аудандық мәдениет үйінің қызметкері Шынтемір Рамазанов нақышына келтіре күмбірлетіп орындап берсе, облыстық, республикалық айтыстардың жүлдегері Назгүл Кәрімова Шмитд ағамыздың мерейтойына арнап, жырдан шашу шашты. Ағамыздың Ұлы Жеңістің 50 жылдығында Жәнібекке арнап шығарған әнін әнші Елеусін Зейнуллин шарықтата шырқады. Кеш барысында еңбек ардагерлері Ерсайын Махлиев, Бекет Әліпқалиев, Мертен Кенжеғалиев ғалымның өз жанынан шығарған «Әлима апай туралы ой-жыр», «Бірімін» атты өлеңдерін және Алматы қаласында тұратын жерлесіміз Мұхтар Қисықовтың Шмитд ағамыздың мерейтойына арнап әдейі шығарған «Біздің Шәкең» деген арнау өлеңін мәнерлеп оқып берді. Кезінде ел үшін аянбай еңбек етіп, туған жерін шексіз жақсы көріп, құрметтеген ағаларымызға арнап, аудандық мәдениет үйінің жас әншісі Райымбек Кәрімов ақын Рашид Шақудың сөзіне жазылған композитор Әділбек Сүлейменовтың «Ауылдастар» әнін асқақтата орындады. Кеште, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мереке Қайдаров академик жерлесіміздің Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылыми академиясының Атырау қаласындағы Батыс аймақтық бөлімшесін басқарған кезінде оның алдын көріп, таныс-біліс болғандығын әңгімесіне арқау етті.-Шмитд ағамыздың асқан білімдарлығын бағалап, танып, оны көптеген шетелдердің ғылыми басшылары қызметке шақырды. Алайда ол туған жерінен жырақ етпей, өз еліне пайдасын тигізуді бәрінен де жоғары санады. Оның дүние жүзіне әйгілі ғалымдардың алдында абырой-беделі зор болды. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген, ағамыздың жарқын бейнесі, еліміздің ғылымы мен техникасының дамып, өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі халықтың жадында мәңгілік қалады,-деді ол. 
    Әйгілі ғалым-жерлесімізді еске алуға арналған танымдық кеште ол жөнінде облыстық «Орал өңірі», аудандық «Шұғыла» газеттерінде жарық көрген жергілікті журналистер жазған естеліктердің мазмұны көпшілікке таныстырылды. Жиынды осы кешті ұйымдастырып, өткізуге дәнекер болған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев қорытындылап, ғалымның жарқын бейнесі көпшіліктің санасында сақталатынын, әсіресе, жастарға шамшырақтай шуақ шашып тұратынын,бүгінгі шараның мақсаты да осыны көздегенін, Шмит Айталиевтің шын мәнінде Жәнібектің жарық жұлдызы болғанын жан-жақты баяндады.-Осындай танымдық кештердің аудан жұртшылығы үшін маңызы зор екені сөзсіз,-деді ол өз сөзінде,-Ауданымыздан шыққан төрт академиктің бірі де бірегейі екендігі аудан әкімі Мұрат Рахметұлының баяндамасында толық айтылды. Шмитд ағамызбен бірге Зақаш Бияшев, Ғаппар Ерғалиев, Паңгерей Шолақов сынды жерлес ғалымдарды мақтан тұтамыз. Олардың ел үшін төккен тері босқа кеткен жоқ, Қазақстанның ғылыми әлемінде теңдесі жоқ еңбек болып қалды,-деген ол кешке белсене қатысқандарға алғыс хат пен шағын сыйлықтар табыс етті. Танымды да тағылымды кеш ауданның әнұраны «Жәнібегім» әнімен мәресіне жетті. 
    Н.Жапақов.

    Категория: Жаңалықтар | Қаралуы: 828 | Қосты: Kairat | Рейтинг: 0.0/0
    Барлық талдауы: 0
    avatar